Адамзат тарихи жолайрықта тұр – Қасым-Жомарт Тоқаев
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Қазақстан мәселені тиімді шеше алатын мықты елге айналу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында адамзат алдындағы сын-қатерлерді айта келіп, мемлекет алдында қандай міндеттер басым бағытқа ие екеніне тоқталды.
- Тағы да қайталап айтамын: қазір адамзат жаңа дәуірдің сипаты айқындалатын тарихи жолайрықта тұр. Алға қарай қарыштап дамуға Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Қазір жер шарының тұрғындары қартайып бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанды жас әрі білімді азаматтардың елі деп айтуға болады.
Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт, - деді Мемлекет басшысы.
Ол үшін елімізде білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика қалыптасуы керек.
- Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет.
Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.