Адамзат тарихындағы ең ескі әліппе табылды - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM - «KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

ескерткіш
Фото: trt.net.tr

Тұрар Рысқұловқа арналған мерейтойға Моңғолияның ҚР-дағы Елшісі қатысты - Kaznews 

 Елші Д.Баярхүү
Фото: kaznews.mn

Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Д.Баярхүү 2024 жылы 15 қарашада Түркістан қаласында өткен Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына байланысты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews агенттігі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Тұрар Рысқұлов (1894-1938) Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. 1924-1925 жылдары Моңғолиядағы коминтернияның жетекші қызметін атқарған. 1924 жылы жазда коминтерн (коммунистік интернационал – авт.) атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалған. Ол онда Моңғол халық республикасының аяғынан нық тұрған мемлекет ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ол Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын.

Қорғас портының импорттық-экспорттық жүк көлемі 10 пайызға артты - «Халық газеті»

пойыз
Фото: kaz.people.cn

28 қарашада Қорғас кеденінен алған ақпаратқа сәйкес, биылдың 10 айында Қорғас портының импорттық және экспорттық жүк көлемі 38,011 миллион тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артқан, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Қорғас Jinyi халықаралық сауда (Хоргос Цзиньи) серіктестігінің бас менеджері Юй Хуанның мәліметінше, алғашқы 10 айда компания 18 мың көлік пен 450 мың тонна тауар экспорттады. Жыл соңына дейін экспорттық сауда көлемі 16 миллиард юаньнан асады деп күтілуде.

Сондай-ақ, күнделікті экспорттық жүк 2000 тоннадан асады, оның ішінде 80-ге жуық көлік бар. Негізгі экспорттық тауарларға жеміс-жидек, көкөніс, ауылшаруашылық өнімдері және күнделікті қажетті заттар жатады.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы туризм ынтымақтастығы нығаяды- «ӨзА»

Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы
Фото: uza.uz

Ташкентте өткен «Жібек жолындағы туризм» 29-халықаралық туризм жәрмеңкесі аясында Өзбекстан мен Қазақстан облыстары арасында туризм саласындағы ынтымақтастыққа қатысты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, Ташкент және Жызақ облыстары мен Алматы облысы туризм басқармалары арасында, сондай-ақ Өзбекстан аспаздар қауымдастығы мен Қазақстан рестораторлар клубтары қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, құжаттарға қол қою рәсіміне қатысқан Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов ынтымақтастық келісімі өңірлік байланыстарды нығайтуға, туристер санын арттыруға және туризм қызметтері сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

Тараптар бірлескен туристік бағыттар әзірлеу және тәжірибе алмасу туралы келісті.

Айта кетейік, осы жылдың 16 қарашасынан бастап Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы бағыты бойынша алғашқы теміржол саяхат бағдарламасы іске қосылды. «Jibek joly» («Жібек жолы») атаулы пойыз қатынасы екі ел арасындағы туристік алмасуды жандандыруға қызмет етеді.

Сонымен қатар осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан мен Қазақстан маусымдық көкөніс пен жеміс-жидек жеткізуді жолға қояды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қазақстан-Өзбекстан тауар жеткізу
Фото: uza.uz

Аталған басылымның мәліметінше, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Бахтиёр Ибрагимов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескен. Енді Өзбекстанның өңірлері мен Қазақстанның Алматы облысы арасындағы сауда-экономикалық байланыстар нығая түспек.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, сауда салаларындағы ынтымақтастықты және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланған.

Кездесу қорытындысы бойынша маусымдық көкөніс пен жеміс-жидек жеткізу, сүт өнімдері мен қаптама материалдарын бірлесіп өндіру, сондай-ақ Алматы облысының делегациясының Қашқадария облысында өтетін «Kashkadarya Invest – 2024» бизнес-форумына қатысуы туралы келісімге қол жеткізілген.

Алматыда ирантанушылардың отырысы өтті - «Parstoday»

Қазақстанның ирантанушылар қауымдастығы
Фото: parstoday.ir/kz

2024 жылдың 15 қарашасында Алматы қаласында Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдениет орталығының ұйымдастыруымен қазақстандық ирантанушылардың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Отырыста ирантанушылар ассоциациясын құру мәселесі көтеріліп, Қазақстандағы ирантану ғылымының қазіргі жағдайы және оны дамыту мәселелері де басты назарда болған. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ирантану мамандарын дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны ретінде ерекше аталып өтті. Университет қабырғасында дайындалған мамандар тек қазақстандық ғылымның дамуына ғана емес, екі ел арасындағы мәдени-ғылыми байланыстарды нығайтуға да зор үлес қосуда.

«Ирантанушылар ассоциацияның негізгі мақсаты – ирантану ғылымын дамыту, Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланыстарды нығайту. Ассоциация зерттеушілер, аудармашылар, әдебиетшілер және өнер қайраткерлері үшін бірыңғай алаңға айналуды көздейді» деп жазады ирандық басылым. Сондай-ақ соңында ирантану қызметінің негізгі бағыттары көрсетілген.

Сондай-ақ осы аптада «Parstoday»-де «Ирандық студент Ресейдің әлемдік сәулет өнері сыйлығын жеңіп алды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Ирандық студент Ресей сыйлығын жеңіп алды
Фото: parstoday.ir/kz

Ирандық студент Ресейдің «Golden trezzini» әлемдік сәулет өнері сыйлығын жеңіп алған.

Ресейлік Golden Trezzini дизайн байқауы «Архитектура өнер ретінде» ұранымен өтіп, оған 33 елдің өкілдері қатысты. Күрдістан университетінің қоғаммен байланыс қызметіне сілтеме жасаған Parstoday-дің хабарлауынша, Иранның Күрдістан университетінің қала құрылысы бөлімінің студенті Матин Моради Ресейде өткен «Golden trezzini» байқауында екі номинация бойынша «Алтын сертификат» жүлдесін жеңіп алды. Бұл жолғы байқау үздік тұрғын үй жобалары және үздік жеке тұрғын үй жобалары бойынша болған.

Адамзат тарихындағы ең ескі әліппе табылды - TRT

«TRT» басылымы «Science Daily» журналына сілтеме жасап хабарлауынша, ғалымдар Сирияның ең ескі қала орталықтарының бірі болып табылатын Умм-ель Маррадағы ежелгі қабірлерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Сириядағы ежелгі қабірлерде ең ескі әліппе табылған.

Қола дәуірінен қалған бұл қабірлерде алтын және күміс әшекейлер, 6 сүйек, асүйлік ыдыстар, қыш-құмыра бұйымдары мен найза ұшы қоса үстінде жазулары бар саусақ ұзындығында 4 саз цилиндр табылған.

Қазба жұмыстарын жүргізетін зерттеу тобының мүшелерінің даталау әдісі арқылы тексерілген жазулардың б.з.б. 2400 жылдарына жататыны анықталған.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «ТҮРКСОЙ» медиа орталығы ашылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланған болатын.

 «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «ТҮРКСОЙ» медиа орталығы ашылды»
Фото: trt.net.tr/kazakh

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ТҮРКСОЙ» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық басылымның мәліметінше, аталған университеттің журналистика факультетінде орналасқан бұл орталықта медиа саласына қатысты зерттеулер жүргізіліп, саланың өзекті мәселелері бойынша сарапшылармен кездесулер өтеді.

Орталықтың тұсаукесеріне 1-ші Халықаралық Түркі әлемі жастар форумына қатысу мақсатымен Алматыға келген қонақтар, студенттер және ғалымдар қатысқан.

Орталықтың мақсаты – түркітілдес елдер арасындағы байланыстарды нығайту және мәдени-ғылыми ынтымақтастықты кеңейту. Сонымен қатар орталықта медиа саласындағы заманауи мәселелер талданып, ғылыми-әдістемелік конференциялар ұйымдастырылатын болады.