«Адамзат тажал қаруына қарсы топтасуға тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат. Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 14-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Адамзат тажал қаруына қарсы топтасуға тиіс»  - республикалық  басылымдарға шолу

«Халықаралық дәрежеде өтетін аниматорлар фестиваліне ТМД, Балтық жағалауы мемлекеттері, АҚШ, Жапон елі, Франция, Қытай, Германия, Польша секілді жиырмаға жуық мемлекеттен және Қазақстаннан елуден астам мамандар қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында есімдері әлемге әйгілі Ә.Қайдаров ағамыз, Э.Назаров, Ю.Норштеин, С.Алмов болады деп күтілуде»,-деп жазады «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында. Анимация саласының «жілігін шағып, майын ішкен» мамандардың кездесуі туралы толығырақ газеттегі «Әлем аниматорлары Шымкентте бас қоспақ» атты мақаладан оқи аласыздар.

Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген келесі мақала «Байқоңыр керек-ақ, бірақ экология мәселесін кім шешеді?» деген атпен беріліпті. Аты айтып тұрғандай мақала еліміздегі экологиялық мәселелерге назар аударыпты. «12 сәуір «Жерді адамға табындырған» атаулы күн болатын. Бірақ әлі күнге өз мешіті де жоқ Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағына байланысты бірқатар қайшылықты жағдайларға куә болып отырмыз. Басқасын былай қойғанда, осыдан төрт жылдай бұрын Қызылорда облысының «Жаңақала» және «Қуаңдария» елді мекендеріне «Днепр» зымыран тасығышы құлады»,-дейді басылым

Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат!» айдарында «Заң нақты талап қойылып, орындалған кезде ғана өміршең күшке ие болады» деген тақырыпта, сенатор Төлеген Мұхамеджановпен болған сұхбат жарияланыпты. Сұхбатта сенатор еліміздің мәдени өміріне серпін беруде жетіспей жатқан заңдық нормалар, және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.

***

Вашингтонда өтіп жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің бірінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдердің президенттері және үкімет басшыларымен кездесті. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Адамзат тажал қаруына қарсы топтасуға тиіс» деген тақырыппен беріліпті. «Мемлекет басшысымен әңгіме­ле­сушілер қазақстандық көшбас­шы­ның Қазақстанда халықаралық бейбітшілік пен толеранттылықты, өңірде қауіпсіздік пен тұрақты­лық­ты нығайтудағы, оның халық­аралық саясатқа белсенді қаты­суда­ғы маңызды рөлін атап өтті. Қа­зақ­станда барлық азаматтардың ұл­ты­на және діни сеніміне қарамастан, олардың тең құқығы нақты қамтамасыз етіп отырылғандығы атап өтілді. Бұл Қазақстан халқы Ассам­блеясы қызметіне белсене қатысып келе жатқан ұлты еврей азамат­та­рына қатысты. Бүкіләлемдік еврей конгресінің басшылары Қазақ­стан­дағы келісім мен толеранттылық моделі әлемнің көптеген өзге елдері үшін айқын мысал болып табы­латынына тоқталды»,- деп жазды басылым.

Осы тақырыпты арқау еткен мақаланы «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.

Сондай-ақ аталмыш басылымда «Бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмесін» деген тақырыппен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда өтіп жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзі жарияланыпты.

Тәуелсіз ел болғаннан бергі жылдар ішіндегі өткен жол, шыққан белестерді - алтын әріппен жазып, бүгінгінің танып-білуімен қатар, болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыратын уақыт жетті. Сол игілікті істі елордадағы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы жүзеге асыруда. Тәуелсіз Отанымыздың жиырма жылға таяу уақыт ішіндегі тарихын жүйелеген еңбектің алғашқы қарлығаш томдары жарық көре бастады. Сол игілікті жобаның негізгі авторы Мырзатай Жолдасбеков таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, осы іргелі еңбек туралы жан-жақты мәлімет беріп, 14 томды табыс еткен болатын. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Тәуелсіздік шежіресі» деген тақырыптағы сұхбатта көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым Мырзатай Жолдасбеков осы туралы кеңінен әңгіме өрбітіпті.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген келесі мақала «Шұғыла жүрек» деген атпен беріліпті. Мақала қазақтың белгілі жазушысы Әбіш Кекілбайұлы туралы ой толғайды.

***

«Енді бір он жылдан кейін Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құруы қажет. Министрлер Кабинетінің кешегі жиынында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осындай мәлімдеме жасады. Әрине, мұны естіп, «бәледен машайық қашыпты» дегендей, үкіметтегілер тіл саясатына тікелей қатысты кілтипандарды шешуді көп жылға кейін шегеріп тастамақшы болып жатқан жоқ па?» деген күдік тууы мүмкін. Бірақ Үкімет басшысы алдағы он жылға бағдарланған тілдерді дамыту бағдарламасы қабылданатынын, әлгінде жария етілген міндеттеме соның түпкі нәтижесі болуға тиістігін нықтады»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Бұл туралы толығырақ газеттегі «10 жылдан кейін әр азамат қазақша сөйлеуге тиіс» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

Аталған басылымның бүгінгі санында Төрегелді Шармановтың «Саяқ» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада асау тағдырды ауыздықтай біліп, шығармашылықтың шыңына шыққан белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы сөз болады.

Түркияның Ыстамбұл қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында өткен «Премьер-министр» халықаралық турнирі аяқталды. Байрақты бәсекедегі шаршы алаңның қызығын «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Түркиядан табысты оралды» деген атпен берілген мақаладан оқыңыздар.

***