Адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті - Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Cъезінде көптеген құнды идея мен ұсыныс айтылды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
- Форум бүгінде діндер мен мәдениеттер арасындағы ықпалдастықты дамытудың, барша адамзаттың жарқын болашағы үшін ынтымақтастықты нығайтудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пленарлық және секциялық отырыстарда, діни орындар мен нышандарды қорғау бойынша арнайы сессияларда, сарапшылар дөңгелек үстелінде және жас діни көшбасшылар форумында көптеген құнды идея мен ұсыныс айтылды. Сіздер деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастырдыңыздар, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру мен инклюзивті қоғам құру жолдарын талқыладыңыздар. Экология, орнықты даму, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің адам өміріне әсері мәселелеріне ерекше мән берілді. Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаһанда түбегейлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңде дін көшбасшылары барша халыққа адамгершілік қасиеттер мен гуманистік құндылықтардың шамшырағы болуға тиіс деп санайды.
– Екі күн ішінде сіздер Съезд жұмысының басты бағыттары мен келешек күн тәртібі туралы ортақ ұйғарымға келдіңіздер. Ол бірлескен қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қатысушыларын, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерін осы Декларацияның идеяларын белсенді насихаттауға шақырамын. Сіздердің климат өзгерістерімен күрестегі дін басшыларының рөлі туралы құжат әзірлеу, сондай-ақ дін және гуманизм тұрғысынан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың жалпыға бірдей қағидаттарын қалыптастыру туралы Съезд Хатшылығына берген ұсынымдарыңызды толық қолдаймын. БҰҰ Өркениеттер альянсының сессиясын айрықша атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Президент тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді.
– Қазақстанда мұндай іс-шараларды өткізу Орталық Азия аймағында аталған мәселе үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Жас діни көшбасшылар форумы өскелең ұрпақтың сабақтастықты сақтауға, диалог пен өзара түсіністік жолын жалғауға ұмтылатынын байқатты. Яғни әлемнің келешегі бар деген сөз. Сарапшылардың дөңгелек үстелі рухани дипломатияның әлеуетін кеңінен түсінуде ғылым мен діни ілім синергиясы маңызды екенін танытты. Бұл бағытты халықаралық ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі ретінде күшейту қажет деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін елордада әлемдік діндер көшбасшылары съезінің декларациясы қабылданды.
Cъез қатысушылар қабылдаған «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.