Адамзатты толғандыратын ортақ проблема - жұмыссыздық

Брифинг «Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол» Жолдауы аясындағы өнеркәсіптік саясат туралы өрбіген болатын.
Ресейлік сарапшының пікірінше, бүгінгі жаһандағы ең басты проблеманың бірі - жұмыс орнының тапшылығы.
«Жер шарында 7 млрд адам бар, олардың саны күн санап өсіп те жатыр. Солардың 5 миллиарды еңбекке қабілетті. Ал дүниедегі тұрақты жұмыс орындарының саны 1,2 млрд -ты ғана құрайды. Яғни, жер халқының ширек бөлігінде тұрақты жұмыс жоқ деген сөз. Айта кетейін, америкалық беделді компания 100-ден астам мемлекеттен 5 миллиардтан астам халықты қамти отырып, жыл сайын сауалнама жүргізіп келеді. Ал оның нәтижесі ғасыр жаңалығына айналып отыр. Ол қандай жаңалық? Бақсақ, адамзатты толғандыратын ортақ бір ғана проблема бар, бұл - жұмыссыздық. Жер шарындағы еңбекке қабілетті адамның үштен бірінде тұрақты жұмыс жоқ», - деді А. Идирисов.
Оның сөзіне қарағанда, терроризмнің, жүгенсіз көші-қонның түп-төркіні жұмыссыздықта жатыр. Сондықтан да, әлемнің көшбасшылары өздерінің бүгінгі һәм болашақтағы басты мәселесі ретінде халықты жұмыспен қамтуды атап отыр.
«Шындығында, экономикалық өсім екі факторға байлаулы: жұмыс орнының саны мен еңбек өнімділігі. Осы тұрғыдан алсақ, Қазақстан қолға алған индустрияландыру бағдарламасының мазмұны сапалы жұмыс орындарын құру арқылы экономиканың тың негізін қалау болып табылады. Әрине, шикізаттық экономикадан біз толығымен бас тарта алмаймыз, бұл Қазақстанның экономикалық дамуының іргелі базасы. Дегенмен, индустрияландыру - әртараптандырудағы жақсы қадам. Осы тұрғыдан алғанда бірінші бесжылдықтың нәтижелері қуантарлық», - деді сарапшы.