Адамзаттың рухани құндылықтары қатарына дәл қазақ халқындай үлес қосқан халық жоқ - Қ.Борашев
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Адамзаттың рухани құндылықтары қатарына дәл қазақ халқындай үлес қосқан халық жоқ. Бұл пікірді бүгін «Дала дауысы» радио фестивалінің қорытынды концертінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат миинстрінің өкілі Қуат Борашев білдірді.
«Дала дауысы» атты тұңғыш рет өткізіліп отырған радио фестивальдің үлкен табыспен аяқталуымен баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы, қазақ халқының рухани мұрасы мол, мәдениеті мәуелі ел екендігі баршаға белгілі. Адамзаттың рухани құндылықтарының қатарына дәл қазақ халқындай үлес қосқан халық жоқ деп айтуға болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ғаламшарда тіпті ауыз әдебиеті не болмаса фольклорының өзі 100 томға жеткен ешбір халық жоқ. Сол сияқты қазақтың ән-күйі де, дәстүрі де жылдан-жылға қанат жайып өркендеп келеді.
«Соның бір айғағы бүгінгі «Қазақстан» телерадио корпорациясы басшылығының, оның ішінде «Қазақ» радиосы басшылығының тікелей ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Дала дауысы» радио фестивалі деп айтуға болады», - деп атап өткен ол Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан фестивальді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.