«Адамзаттың үміті ақталады» -баспасөзге шолу

АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Адамзаттың үміті ақталады» -баспасөзге шолу

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жоғары дең­гейдегі жетінші Саммиті өз жұмысын бастады. ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммитін Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты және Саммиттің бірінші сессиясына төр­ағалық етті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Астана саммиті басталды» деген тақырып аясында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Саммитте сөйлеген сөзінің мәтінін жариялады.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Астана рухы» бекіте түскен «Хельсинки рухы» деген тақырыппен мақала басылды. Онда Астанадағы Салтанат сарайында ЕҚЫҰ Сам­митіне қатысқан делегация басшылары­ның құрметіне Қазақстан Президенті Нұрсұлт­ан Назарбаевтың атынан ресми қабылдау болғандығы жазылған. «Қабылдауға қатысушылар мен қонақтардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіндегі сөздерінде және пікір алмасулар кезінде саяси көшбас­шылар осы Ұйымның жиырма бірінші ғасырда табысты дамуына ортақтастықтарын білдіргенін атап өтті», деп жазады басылым. «Еуропа мен Солтүстік Америкадағы, Орталық Азия мен Кавказдағы 56 елді біріктіріп отырған ЕҚЫҰ-ның ұлан-ғайыр кеңісті­гінде өзара түсіністік пен қауіпсіздікті нығайту жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне қосылған зор үлес болып табылатынына сенемін, - деп атап көрсеткен Н. Назарбаев салтанатты қабылдауда

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Адамзаттың үміті ақталады» деген тақырыппен мақала басылды. Авторы - Жұмабек Жанділдин.«Астана саммиті қатардағы еріккендердің басқосуы емес, әлемдегі ең ықпалды мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінің адамзаттың бүгінгі өмірінде бар және келешекте болуы мүмкін келеңсіздіктердің зардабын азайтуға бағытталған тақырыптарды сөз ететін алқалы ақылмандар жиыны. Орайы келгенде айта кетейік, біз санап өткен тақырыптар адамзат көгіне ислам әлемінен көтерілген жаңа жұлдыздың - Қазақстанның ұлттық Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев талай алқалы жиындарда алға тартқан өзекті де өміршең мәселелер. Бір қуаныштысы сол - оларды өмір ақиқатына айналдыру біртіндеп алға жылжуда. Адамзат бұл саммиттен осындай алға жылжудың қарқынды қадамын күтуге құқылы. Біздіңше, адамзаттың үміті ақталады»,- дейді мақала авторы.

Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде «Андорра сөзі астана деген мағына береді» деген тақырыппен Андорраның туризм, сауда және индустрия министрі Клоди Бене МАСтан алынған сұхбат жарияланды. Егер біз ЕҚЫҰ-ға төраға болатын болсақ, онда осындай саммит өткізуіміз керек болады ғой. Ал Андорра сияқты кішкентай елдің Астанадағыдай жоғары деңгейдегі саммитті өткізуге мүмкіндігі жоқ. Ал сіздер ұйым жиынын ұтымды ұйымдастырып отырсыздар. Мен мұны айрықша атап өткім келеді. Әсіресе, саммиттің қауіпсіздігі жоғары деңгейде ойластырылғанын байқадым. Ең бастысы, қазақ халқының айрықша қасиеті - қонақжайлылығына қайран қалдым», дейді сұхбатында андоралық министр.

«Казахстанская правда» газеті Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифингі жайлы жазады. Мақала «Хиллари КЛИНТОН: Казахстанцы могут гордиться своими достижениями » деген тақырыппен берілген. Онда АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалағаны, жаңа ғасырда алғаш рет өткізіліп отырған Астана Саммитті Ұйым қызметіне тың серпін беретіндігіне сенім білдіргендігі айтылады.

«Экспресс К» газеті бүгінгі санында Астана Саммиті туралы бірнеше мақала жариялады. Газеттің 2 желтоқсандағы санының бірінші бетінде «Казахстан готов стать мостомевразийской безопасности », «Глобальное потепление в Астане », «Дамы против затяжных конфликтов » деген тақырыптармен көлемді үш мақала басылған. Сонымен қатар «Саммит ОБСЕ - 2010» айдарында алқалы жиынға қатысып жатқан делегация басшыларының Саммит жөніндегі пікірлері берілген.