«Адай» қазақ жылқысының республика аумағында таралуына еш шектеу жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Адай» қазақ жылқысының республика аумағында таралуына еш шектеу жоқ. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адай» қазақ жылқысының республика аумағында таралуына еш шектеу жоқ

«2022 жылғы қазанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен республикалық палаталар асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілерінің тізбесіне кірді. Осылайша, республикалық палаталар «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңның талаптарын бұзған жағдайда, мемлекеттік инспекторлар селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізу және үйлестіру, асыл тұқымды мал басын есепке алуды ұйымдастыру, асыл тұқымды өнімге (материалға) асыл тұқымдық куәліктерді беруді (жоюды) жүзеге асыру бөлігінде тиісті тексерулер мен профилактикалық байқаулар жүргізетін болады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің дерегінше, қазіргі уақытта Маңғыстау облысында «Адай» типіндегі 1,6 мың қазақ жылқысы шоғырланған.

«Бұл ретте республика аумағында осы тұқымның таралуына қандай да бір шектеулер жоқ. Жалпы, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде «Адай жылқысы» тұқымын дамыту және жетілдіру мәселесі Үкіметтің бақылауында», - деді Әлихан Смайылов.