15:23, 05 Сәуір 2023 | GMT +5
Адай және Қостанай тұқымды жылқыларды зерттеуге 682 млн теңге бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында Адай және Қостанай тұқымды жылқыларын ғылыми зерттеуге 682,5 млн теңге бөлінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қостанай жылқысының тұқымын есепке алу, асыл тұқымды екені туралы куәлік пен мәртебе беру, бағалау, сондай-ақ сынақтан өткізу мәселелері асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заңнамамен реттелген. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық қаржыландыру аясында «Адай және Қостанай текті қазақи жылқының жүріктігін жетілдіру және сақтау» ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Оған шамамен 682,5 млн теңге бөлу көзделген», - деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Еске салсақ, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Адай жылқысын ғылыми түрде асыл тұқымды мал ретінде танып, санын көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырған болатын.