ADCB Kazakhstan Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру көлемін 3 есеге арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM - ADCB Kazakhstan алдағы бір жарым жылда қазақстандық жобаларды қаржыландыру көлемін қазіргі 2,5 трлн теңгеден 3 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Abu Dhabi Commercial Bank Kazakhstan (ADCB) директорлар кеңесінің төрағасы Фарух Аль Марзукимен кездесуде мәлім болды.
Кездесу барысында ADCB Group-тың еліміз үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға қатысуын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде экономиканың нақты секторын дамыту және цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту айқындалды.
Abu Dhabi Commercial Bank – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі банктердің бірі. Банк халықаралық инвестициялық деңгейдегі несиелік рейтингтерге ие.
Кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал ететін ауқымды экономикалық және институционалдық реформалардың маңыздылығы атап өтілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жаңа инвестициялық цикл іске қосылды және инвесторларды тартуға проактивті қарқын берілді.
Премьер-министр Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Соңғы 20 жылда Қазақстанға Әмірліктен түскен инвестициялар көлемі $7 млрд-тан асты, оның шамамен $3 млрд-ы соңғы 2,5 жылда түсті.
ADCB Group-тың БАӘ және Таяу Шығыстың басқа елдерінен инвесторлар тарту жөніндегі жұмысқа қатысуы Қазақстандағы жобаларды сырттан қаржыландыру көздерін кеңейтуге және әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Фарух Аль Марзуки Қазақстанмен энергетикалық, теміржол инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыру, мұнай химиясы, көлік және логистика салаларындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастықтың жемісті екенін атап өтті.
Соңғы 15 жылда ADCB Kazakhstan 100-ден астам бизнес-бастамаға қаржылық қолдау көрсетті, оның 90%-ы ШОБ жобаларын құрайды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Осыған дейін «Бәйтерек» 1 млрд долларлық үш дайын жобаны банктерге беретіні туралы жаздық.