Әдебиет академиясы жастардың кітап оқуын ынталандырса игі - жас маман
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кітап оқу ой-өрісіңді, таным-білігіңді арттырады. Қазталов ауданы Сатыбалды негізгі жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі, жас маман Үміткер Орынғалиев өз ой-толғамын осылайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылуында көкейкесті мәселелер көтеріліп, көкейге қонымды ұсыныс-пікірлер айтылып, көптеген жобалар ұсынылды.
Солардың қатарында семейлік ақын Мерей Қарт Мемлекет басшысынан жас қаламгерлерге арналған әдебиет академиясын құруға қолдау білдіруді өтінді.
«Әдебиет академиясы ашылса, жастар білімге, кітап оқуға ұмтылады, әдебиетіміздің әлеуеті артады деп ойлаймын. Қазіргідей жаһандану кезеңінде жеткіншек ұрпаққа кітап оқудың маңыздылығын ұғындыра білген жөн. Біздің мектебімізде кітапханашы Маржан Қажымова «READx» жобасы аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің 100 кітабын насихаттау мақсатында қазақ және орыс әдебиеті шығармашылық жинақтарын оқуға кеңес берді. Қазіргі кезде оқырмандар Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Оспанхан Әубәкіровтің «Сіз бен біз», Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» туындыларын оқып, кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп жүр, - дейді жас маман.
Оның айтуынша, алыс ауылдарда жас мамандар, мұғалімдер алдына ұрпақ тәрбиесімен байланысқан биік мақсат қоя білуі керек. «Қазіргі таңда мемлекет тарапынан білім саласына, ондағы мамандарға үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан жан-жақты білімді ұстаз болу, еңбегіміздің жемісін көру тек өзімізге байланысты. Бізге Қазталов аудандық білім беру бөлімі, тәжірибелі әріптестеріміз жол көрсетіп, білгенін айтып отырады. Өзім осы кезге дейін ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, «Үздік жас ұстаз - 2018» аталымы бойынша аудан әкімінің жастар сыйлығы және басқа марапаттарға ие болдым. Біз, жастар үнемі адал еңбек етіп, ауыл-ауданымыздың, жалпы еліміздің дамуына үлес қосамыз деп сенемін», -деп түйіндеді ойын Ү.Орынғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық жас маманның ауылда ат спортын дамыту туралы ой-толғамын жариялаған болатынбыз.