Әдебиетті қорғау керек - Олжас Сүлейменов
ЛМАТЫ. Мамырдың 19-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде белгілі ақын, қоғам және саясат қайраткері Олжас Сүлейменовтың 74 жасқа толуына орай ақынның қатысуымен поэзиялық кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеш аталмыш университеттің студенттері және ұстаздар қауымының ұйымдастыруымен О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институтында өтті.
О.Сүлейменов бұл жоғары оқу орнының студенттерімен жиі кездесіп, Қазақстан қоғамындағы жастардың орны жайлы әгіме қозғап тұрады.
Кеш барысында студенттер ақынның «Адамға табын, Жер, енді", «Арғымақтар» және тағы басқа туындыларынан үзінділер оқып, «Аз и Я» кітабынан деректер келтірді.
О.Сүлейменов бұл бағдарламаның өзіне жақсы сыйлық болғанын жеткізіп, студенттерге алғысын білдірді. «Егер авторды түсініп, оның айтқан өсиеттерін қабыл алса, кез келген автордың жүрегі лүп етеді. Орыс жазушысы М.Горькийдің әрбір баяндамасынан кейін қаншалықты толқу болғанын міне қазір сезініп, түсініп отырмын», дейді ақын.
Сонымен қатар ол қазіргі күнгі адамзат әдебиетінің дамуы жайында әңгіме қозғап, өз ойын білдірді. Оның пікірінше, мәдениет пен өнер қақтығыстары, әдебиеттегі тұрмыстық және нарықтық экономика мен дағдарыс жаңа буын ақындарының тоқырауына әкелуде. «Әдебиетті қорғау керек! Өнерді қорғау керек, онсыз адамзат өмір сүре алмайды», деп атап өтті ол өз сөзінде.