Әдеп бойынша жүргізілген сауалнама: Денсаулық сақтау саласы көш соңында

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметшілердің әдебі бойынша қазақстандықтармен жүргізілген сауалнаманың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әдеп бойынша жүргізілген сауалнама: Денсаулық сақтау саласы көш соңында

«Күнделікті өмірде мемлекеттік қызметшілердің түсінігі мен құндылықтарын өзгерту жүйесі бойынша мәселелер шешілмей жатыр. Мәселен, мемлекеттік қызметтегі этикаға баға беру бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі азаматтардың 26 пайызы бұл жайға жағымсыз көзқараста екенін көрсеткен», - дейді аталмыш агенттіктің мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаменті директорының орынбасары Равиль Төлебаев Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңес барысында.

Оның айтуына қарағанда, сауалнама барысында азаматтар бюрократия мен этикадан тыс жағдайлар туралы айтқан.

«Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік рейтингіне сәйкес, халықтың ойынша, денсаулық сақтау саласы бағыты 10 балдың 6,19-ын алған. Осылайша, денсаулық сақтау саласындағылар рейтингте соңғы орыннан көрініп отыр», - дейді ол.

Десе де, департамент директорының орынбасары бұл жағдайға төмен айлық, жұмыстың көптігі мен өзге де факторлар әсер етіп отырғанын айтады.

«Осыған байланысты біз бірнеше тәжірибелік бастама әзірледік. Осы жылдан бастап агенттік мемлекеттік қызметшілердің құқығына бақылау жасайтын болады», - деп түйді Төлебаев.