Әділ Ахметов: Саясаткер ретінде президент сайлауын өткізу дұрыс шешім деп санаймын

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі үндеуін халық өте жылы қабылдады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, елші-дипломат, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов кезектен тыс сайлауға қатысты осылай деп ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділ Ахметов: Саясаткер ретінде президент сайлауын өткізу дұрыс шешім деп санаймын

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі үндеуін халық өте жылы қабылдады деп ойлаймын. Біздің халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Дәл қазір бізге бірлік керек. Осы жолды ары қарай жалғастыруымыз керек. Президент кешегі үндеуінде «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деді. Міне, осындай ұстанымды ұран еткен кандидат сайлауға түссе, жеңеді», - дейді Әділ Ахметов.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, сайлау ерте ме, кеш пе - бәрібір өтетін еді.

«Бірақ, оның ерте өткені дұрыс. Мемлекеттің алдында ауқымды саяси-әлеуметтік мәселелер тұр. Солардың бәрін тиянақты іске асыру үшін өзіне нық сенімді билік керек. Мен саясаткер ретінде осы шешім өте дұрыс деп білемін», - дейді елші-дипломат.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.