Әділбек Балқаев ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
АЛМАТЫ. 14 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Перудің Лима қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі бозбалалар мен бойжеткендер арасында Әлем чемпонаты өтіп жатыр.
Онда ел намысын қорғау ерлер арасында Әділбек Балқаевқа, ал қыздар арасында Надежда Ногайға сеніп тапсырылған еді. ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсірдің айтуынша, 9-мамыр күні жалауын көтерген бұл дүбірлі додада Қазақстан ұлттық құрамасы 2 медаль алуды жоспарлаған болатын. Қазірдің өзінде мұндай үлкен бәсекеге алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әділбек Балқаев қола жүлдегер атанды. «Енді дәл осы салмақта бақ сынайтын Надеждадан алтын медаль күтіп отырмыз. Жалпы бұл Әлем чемпионаты мамырдың 16-сына дейін созылады. Бұған дейін 2009 жылы Тайландта өткен соңғы Әлем чемпионатында қазақстандықтар 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде олжалаған болатын », - дейді Меңдіхан Тәпсір.