Әділбек Ниязымбетовтей мықты боксшымен кездескен емеспін - Кубалық боксшы

Айта кетерлігі, бүгін екі команда боксшыларының салмақ өлшеу рәсімі өткен болатын. Нәтижесінде кубалық Хулио Сезар Ла Крус қарсыласы Арман Рысбектен 150 грамға ауыр болып шықты. Шара аясында БАҚ өкілдері одан Рио Олимпидасының финалында жеңген Әділбек Ниязымбетовпен салыстырғанда ертеңгі қарсыласы Арман Рысбекке қандай баға беретіндігін сұраған болатын.
«Әділбек шаршы алаңда, оның ішінде ең ірі халықаралық турнирлердің шешуші айқастарында талай рет жұдырық түйістерген боксшы. Спорттық мансап жолымда көптеген қарсыласпен кездестім. Бірақ Ниязымбетовті әлемнің ең үздік боксшыларының бірі ретіне айрықша атап өткім келеді. Оны Арман Рысбекпен салыстырғым келмейді. Бұл менің тарапымнан жасалған ағаттық болар еді. Менің жұмысым - кез келген кездесуде жеңіске жету үшін жұдырықтасу», - деді ол.
Сонымен қатар ол Рио Олимпиадасында Вэл Баркер кубогының бұйырмауына қатысты да өз пікірін білдірді.
«Шынын айтсам, күткен едім. Бұл АИБА шешімі және мен оны қабылдаймын. Ең бастысы, Отаныма алтын медальмен оралдым», - деді Хулио Сезар Ла Крус.