Әділбек Жақсыбеков елорданың бірқатар медициналық мекемелерін аралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков елордалық медицина мекемелерінің жұмысымен танысты.

Әділбек Жақсыбеков елорданың бірқатар медициналық мекемелерін аралады

Бұл туралы елорданың ресми сайтында хабарлады. Қала басшысы №1 Перинаталды орталық блоктарының бірінде ашылған «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығында болды. 250 келушіге есептелген орталық 32 мың тұрғынға, соның ішінде 9 мың балаға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсете алады. «Шипагер» жақын маңдағы Пригородный, Тельман, Заречный кенттері мен басқа да алабтардың тіркелген тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, Ә. Жақсыбеков жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге, гинекологиялық науқастар мен жаңа туған сәбилерге қызмет көрсететін №1 Перинаталды орталықта болды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен қажетті процедураларды толық жүргізу арқылы дәрігерлер шала туылған сәбилерге күтім жасайды. Жаңа медициналық жабдықтар ашық операцияларға қарағанда, ағзаға аз араласуға мүмкіндік беретін аз инвазивті оталар жасауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ, орталық баланың дамуындағы туа біткен ауытқушылықтарды түзетеді.

Астана әкімі №2 қалалық ауруханаға да ат басын тіреді. Жалпы ауданы 34 мың шаршы метрге жуық аумақта 23 емдеу-диагностикалық бөлім жұмыс істейді. Жоғары технологиялық жабдықтаудың арқасында интервенттік кардиология мен кардиохирургия енгізіліп, табысты қызмет етіп келеді. Аз инвазивті операциялар отадан кейін қалыпқа келу кезеңін тездетуге және асқыну жағдайларын азайтуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ Астана әкімі №1 қалалық аурухананың заманауи бөлемдерін аралады. Бүгінгі күні бұл - жоғары дәлдіктегі медициналық жабдықтармен жабдықталған, жедел және жоспарлы тәртіпте кәсіби медициналық көмек көрсететін заманауи көпсалалы клиникалық орталық. Аурухана 638 орынға есептелген, оның құрамында Еуропа, АҚШ және Жапония елдерінде шығарылған қондырғыларымен жабдықталған 28 клиникалық бөлім бар. №1 қалалық аурухананың ерекшеліктерінің бірі - аурудан кейін ағзаның қызметін қалпына келтіру, қайталау жағдайларының алдын алатын инсульт орталығы.

Денсаулық сақтау нысандарын аралаудың соңында әкім 2012 жылдың желтоқсан айында жаңа ғимаратқа көшкен №2 балалар ауруханасында болды. Ғимарат 8 блоктан тұрады: 5 блокта стационар орналасқан, емхана корпусы жалпы ауданы 62 мың шаршы метрлік 3 блокты алып жатыр. Аурухананың төсек қорының 75% хирургиялық төсектер құрайды.

Әділбек Жақсыбеков Астанада медициналық нысандарды ашудың 2015 жылғы жоспарымен танысты. Атап айтқанда, биыл 150 қабылдауға лайықталған алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем орталығын, сол жағалаудағы амбулаториялық-емхана кешенін, Ильинка кентіндегі 150 адамды қабылдауға есептелген Отбасылық денсаулық орталығын, онкологиялық диспансердің желілік жылдамдатқышы мен психохрониктерге арналған емдеу-өндірістік шеберхана жапсаржайларын пайдалануға беру көзделген.

Бұдан бөлек, 250 орындық Балалар жұқпалы аурулар емханасы (жоспар бойынша пайдалануға беру мерзімі - 2015 жылғы 4 тоқсан) және 250 орындық 150 адамды қабылдауға арналған Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының құрылысы аяқталмақ.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша Ә. Жақсыбеков қалалық емханаларда халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, кезекті азайту жұмысын жалғастыруды тапсырды.