15:43, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«Әділет» қоғамы Алаш азаматтарының идеяларын ұрпақ санасына сіңіру ісіне белсене атсалысып келеді - ҚР Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Алаш азаматтарының идеяларын ұрпақ санасына сіңіру ісіне белсене атсалысып келеді.
Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Әділет» қоғамы: тоталитарлық тарихтан ? демократиялық болашаққа» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушыларға ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбайдың жолдаған құттықтау хатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында күрескен азаматтарды ерекше қадірлей білуіміз керек. Осы ретте Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының 20 жылдығына арналып отырған тоталитарлық жүйенің «ақтаңдақ» беттерін ашуға бағытталған бүгінгі конференцияның маңызы зор деп білемін», деген Дархан Мыңбайдың хатын қатысушыларға «Әділет» тарихи-ағарту және құқық қорғау қоғамының президенті Бейбіт Қойшыбаев оқып берді. Онда ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының қасіретті саяси қуғын-сүргін және ашаршылық шындықтарын ашуда, саяси репрессия науқандарының құрбандарын анықтауда және ақтауда көп жұмыстар тындырғанын айтады. Сондай-ақ олардың ұрпақтарының құқықтарын қорғауға, саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандары жерленген орындарды анықтауға, белгі қоюға, ең бастысы, Алаш азаматтарының идеяларын ұрпақ санасына сіңіру ісіне белсене атсалысып келе жатқанын атап өткен.