Әділет Құрметов Әлем чемпионатындағы жарысын аяқтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында Бокстан әлем чемпионаты өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзінің алғашқы айқасын Әділет Құрметов өткізді. Оның қарсыласы грузин Отар Ераносян болды. Төрешілер жеңісті бірауыздан Ераносянға берді.

26 тамыз күні қазақстандық тағы екі боксшымыздың айқасы күтіледі . 69 келі салмақ дәрежесінде (1/16 финал) Абылайхан Жүсіпов мысырлық Валид Саид Мохамедпен күш сынасады (кешкі сессия, 23:00-ден кейін). 52 келі салмақ дәрежесіндегі (1/16 финал) Азамат Исақұловқа қарсы Оңтүстік Корея боксшысы Инкью Ким шығады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , 25 тамыз күні шаршы алаңға алғашқы болып шыққан 49 келіге дейінгі салмақтағы боксшымыз Ержан Жомарт гватемалалық қарсыласы Майкл Телье Тельені қапы қалдырса, 56 келіде сынға түскен Қайрат Ералиев те бірінші айқасын жеңіспен бастады. Ералиев бірінші жекпе-жегінде мексикалық Кристофер Флорес Магананы айқын басымдықпен ұтты. 

Әлем чемпионатында үшінші болып рингке шыққан 75 келілік боксшымыз Әбілхан Аманқұл да қарсыласы - австралиялық Кэмпбэлл Сомервилді айқын басымдықпен жеңген болатын.

Сондай-ақ 64 келіге дейінгі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов байрақты додадағы жарысын жеңіспен бастады.

Еске салайық, 25 тамыз күні басталған Бокстан әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады. Олар  - 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев.

Жарысқа әлемнің 85 елінен 280 боксшы келген.

 

Соңғы жаңалықтар