13:24, 20 Сәуір 2023 | GMT +5
Әділет министрі Конституциядағы вице-президент туралы нормаға қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев заңнамадағы вице-президент туралы нормаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап беру кезінде министр Қазақстанның қазіргі мемлекеттік басқару құрылымында вице-президент лауазымы жоқ екенін айтты.
«Конституцияның 94-бабының 2-тармағында көрсетілген вице-президент лауазымы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында болды және Президенттің 1996 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен толығымен жойылды. Конституцияның аталған нормасы өтпелі ереже ретінде сақталды», - деді А. Есқараев.
Сонымен қатар ол аталған норманы алып тастау мүмкіндігін жоққа шығармады. Заңнаманы дамыту аясында бұл мәселе қаралуы мүмкін.
Осыған дейін шетелден Қазақстанға 670 млрд теңге қайтарылғанын хабарладық.