Әділет министрі Рашид Түсіпбеков Алматыда кеңес өткізді

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат. Бүгін Әділет министрі Рашид Түсіпбеков әділет органдарының жұмысымен танысу барысында Алматы қаласы Әділет департаментінде кеңес өткізді,

Әділет министрі Рашид Түсіпбеков Алматыда кеңес өткізді

деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Кеңеске әділет, қылмыстық-атқару жүйесі, сот актілерін орындау департаменттерінің бастықтары мен олардың орынбасарлары, жылжымайтын мүлік орталығы, өңірлік ғылыми-өндірістік сот сараптамасы зертханасының директорлары мен қалалық әділет департаменттерінің қызметкерлері қатысты.

Кеңес барысында Алматы қаласы әділет департаменті қызметіне қатысты жекелеген сұрақтар мен әділет, қылмыстық-атқару жүйесі және сот актілерін орындау департаменттерінің өзара қатынасы бойынша сұрақтар қаралды.

Р. Түсіпбеков Алматы қаласы әділет органдары мен мекемелерінің жұмысы тұтастай алғанда оң нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

Сонымен қатар, Әділет министрі департамент басшыларының назарын кешенді шешім қабылдауды талап ететін бірқатар мәселелерге аудартты.

Атап айтқанда, зияткерлік меншік, құжаттандыру, азаматтық хал-актілерін, заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы мәселелер талқыланды.

Әділет министрі жеке және заңды тұлғалар өтініштерін қарау бойынша жергілікті әділет органдарының жұмысын сынға алды.

Бизнес үшін әкімшілік тосқауылдарды азайту бойынша Үкіметтің қабылдап жатқан шараларды кең жариялауда қалалық әділет департаменті жұмысының жеткіліксіздігін атап көрсетті. Министр осы бағытта Үкіметтің маңызды қадамдар жасағанын айтты.

Р. Түсіпбеков әділет органдары ұсынатын мемлекеттік қызметтер сапасын көтеру және тұрғындармен жұмысты жандандыру бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Департамент басшылары осы бағыттар бойынша тапсырмалар алды.

Кеңес қорытындысы бойынша Әділет министрі департамент басшыларына әділет органдары бөлімшелерінің өзара қатынасын жақсарту бойынша да тапсырма берді.