Әділет министрі заң жобаларын әзірлеуге кез келген азаматтың қатыса алуын қамтамасыз етпек

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен заң шығару қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған Үкімет сағаты барысында Әділет министрі Берік Имашев осылай мәлім етті.
«Осыған орай, Әділет министрлігі еліміздің кез келген қызығушылық білдірген тұлғасының заң жобаларының жұмысына араласуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдады. Осы үшін министрліктің сайтында әзірленіп жатқан және әзірленетін заң жобаларының электрондық база мәліметтері құрылды», - дейді министр.
Оның айтуынша, электрондық базада әрбір заң жобасы бойынша сол құжаттың Парламентпен қабылданғанға және Елбасына қол қоюға жолданғанға дейінгі барлық ақпараттары нақты қамтылған.
«Бүгінгі күні мәліметтер базасында 125 заң жобасы бар. Мен бұны норма шығару үдерісіндегі заманауи қадам деп білемін. Енді еліміздің кез келген азаматы әзірленіп жатқан заң жобасы бойынша өздерінің ұсыныстарын жасауға мүмдіндік алады», - дейді Б. Имашев.
Министр сонымен қатар, бұл жұмысты одан сайын жетілдіру жұмыстарын да қолға алатынын атап өтті.