Әділет министрлігі 2010 жылы құқық мәселелері бойынша бірыңғай анықтамалық қызмет құруды жоспарлап отыр
А. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әділет министрлігі 2010 жылы құқық мәселелері бойынша бірыңғай анықтамалық қызмет құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін өткен аталмыш министрліктің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Рашид Түсіпбеков айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтардан түскен өтініштердің сараптамасы елімізде құқық мәселелері бойынша бірыңғай анықтамалық қызмет құруға сұраныс барын көрсетті. Осыған байланысты министрлік ағымдағы жылы Халыққа қызмет көрсететін орталықтардың көрсететін қызметтерінің сипаты және құжаттардың орындалу дәрежесі жөнінде анықтама беретін Call-орталықтың құзіретін кеңейтіп, оның базасында бірыңғай анықтамалық қызмет құруды жоспарлап отыр», деді алқада Р. Түсіпбеков.
Оның айтуынша, бұл үшін Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп адам өміріне қатысты барлық салалар бойынша жиі-жиі көтерілетін құқықтық мәселелердің тізімн дайындайтын болады. Call-орталықтың қызметкерлері қызметтің барлық түрлерін лицензиялаудың тәртібі, бұған қажетті құжаттар, мемлекеттік органдардың құзыреті, олардың мекен-жайлары және сенім телефондары туралы кеңестер береді. «Call-орталық халықтың құқықтық сауатының деңгейін арттыруға және заңнаманы түсіндіру туралы мемлекеттік органдарға келетін жазбаша өтініштердің санын қысқартуға ықпал ететін болады», деді министр. Бүгінде Call-орталыққа қоңырау шалу кез-келген облыс орталықтарына тегін әрі бірыңғай телефон (58-00-58) арқылы жүзеге асырылады.