Әділет министрлігі адвокаттар санын арттырудың жолын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет министрлігі адвокат атануды жеңілдету мен олардың жауапкершілігін арттыру ұсыныстарын енгізді. Бұл туралы Мәжілісте «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әділет министрлігі адвокаттар санын арттырудың жолын айтты

«Адвокаттық көмекке халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында осы кәсіпке келудің жағдайын жеңілдету ұсынылады. Бүгінде Қазақстанда қызмет көрсетіп жүрген қорғаушылардың саны 4,5 мыңнан сәл астам. Сәйкесінше, елімізде бір адвокатқа 4 мыңға жуық адам тиесілі. Ал Батыс Еуропа елдерде қорғаушы көмегімен қамтамасыз етілудің ара салмағы 1 адвокатқа шаққанда 250-ден 1 мың адамға дейін келеді. Бүгінде көбісі адвокаттар алқасына кіру жарнасының негізсіз жоғары болуы себебінен қорғаушы бола алмайды. Оның сомасы 800 мың теңгеге дейін жетеді», - деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы төрт жылда адвокаттар саны тек 300 адамға өскен. Адвокат мамандығына баруды жеңілдету шарасы кіру жарнасы түріндегі мүліктік кедергіні жоюмен қамтамасыз етілмек. Аталған жарнаны өндіруге шектеу енгізу арқылы заңгерлік білімі бар адамдарға адвокат мәртебесін алуға мүмкіндік беріледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, адвокатураның сапалық құрамын жақсарту мақсатында заң жобасымен аттестацияны өткізу мен қорғаушылардың біліктілігін арттыру тетігі қайта қарастырылған.

Сонымен қатар Ж. Ешмағамбетов заң жобасында адвокаттар мен заң консультанттарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған жаңашылдықтар қамтылғанын жеткізді.