Әділет министрлігі Әлеуметтік кодекс жобасының әзірленетінін жоққа шығармайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет министрлігі Әлеуметтік кодекс жобасының әзірленетінін жоққа шығармайды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің жобасын талқылау барысында Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина мәлім етті.

Әділет министрлігі Әлеуметтік кодекс жобасының әзірленетінін  жоққа шығармайды

Тоқтала кететін жайт, талқылау барысында депутат Зағипа Бәлиева елімізде Әлеуметтік кодекс дайындаудың уақыты да келгенін айтып қалған болатын.

«Әлеуметтік кодексті әзірлеу қажеттігіне келсек, әрине, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына да біршама уақыт өткен. Алайда, осындай кодекстің қажеттілігі туралы мәселе қойылғанда, бұған қатысты бір заңнамаға шоғырландыратын қолданыстағы бірқатар арнайы салалық заң актілері дайын болмағаны анық. Сондықтан да, Әлеуметтік кодекс дайындап, оны қабылдау мәселесі оң шешімін таппай келген шығар. Дегенмен, бәрін де уақыт көрсетеді. Өйткені, бұған дейін де ешкім Кәсіпкерлік кодексі керек деп айтқан жоқ болатын», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Тау-кен кодексі немесе жер қойнауын пайдалану туралы кодексін дайындау мәселесі де көтеріліп жатыр. Осыған байланысты вице-министр Зәуреш Баймолдина қоғам жетілген сайын оның құқықтық қатынастарын рәсімдеу шаралары да жетілуі тиістігін атап өтті.

«Сондықтан да, Әлеуметтік кодекс жобасын алдағы уақытта дайындау қажеттігі туралы мәселені де қарастыра беретін боламыз», - деді ол.