Әділет министрлігі баспанасын кешіктіріп тіркегендерге айыппұл салмауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев тұрғындардың жылжымайтын мүлікті кешіктіріп тіркегені үшін айыппұл салудан бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әділет министрлігі баспанасын кешіктіріп тіркегендерге айыппұл салмауды ұсынды

«Келесі мәселе - бұл жылжымайтын мүлікті уақытында тіркемегені үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау. Бұл норма 2007 жылы салықтық әкімшілендіру және халықты жылжымайтын мүлікке өз құқықтарын тіркеуді мәжбүрлі түрде іске асыру мақсатында енгізілді. Өз кезегінде, мемлекет мүлікті заңдастыру бойынша екі акция өткізді, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданды. Нәтижесінде, соңғы жылдары осы құрам бойынша аздаған әкімшілік іс қозғалғандығы байқалады. Осыған орай жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін өткізіп алғандығы үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау туралы мәселені қарау ұсынылады», - деді Марат Бекетаев жылжымайтын мүлік мәселесіне арналған Үкімет сағатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл сайын елімізде орташа алғанда жылжымайтын мүлікке құқық беретін 1 млн 700 мыңнан астам құжат тіркеледі.Сондай-ақ 10 млн астам электронды форматта анықтама беріледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсуде.