Әділет министрлігі электронды нотариат жүйесін іске қосуға дайындалуда - интернет конференция
Аталмыш мәселеге қатысты жаңалықпен бүгін Астанада В-news порталы арқылы өткен интернет-конференция барысында Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Олжас Бектенов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталмыш жүйенің тиімді жақтары өте көп. «Соның ішінде жылжымайтын мүлікке қатыстысын айтатын болсақ, мысалы бір азамат екінші азаматқа пәтер сатады. Олар бірінші кезекте нотариусқа барып, келісім жасап, оған нотариустың мөрін бастырады. Бұдан соң құжаттар халыққа қызмет көрсету орталығына өткізіледі де пәтерді сатып алушы құжаттарды Әділет министрлігінің өкілдері тіркегенге дейін күтеді. Содан соң барып қана пәтерді сатып алушы үйдің заңды иесі болады. Ал жаңа жүйе бойынша азаматтар нотариусқа келіп, құжаттарына мөр бастырады. Сол мезетте құжат мәліметтері автоматты түрде әділет саласының органдарына келіп түседі де нотариус сол мезетте пәтер иесіне оның заңды қожайыны екендігін растайтын құжат береді. Яғни пәтер алушы азаматқа бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттардың ресімделуін жеделдетуді сұрап, әуре-сарсаңға салынбайды», деді О.Бектенов.