Әділет министрлігі «қағаз» лицензиясынан бас тартып, оларды тек электронды түрде беруді бастайды
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап Әділет министрлігі адвокаттық, нотариалдық және бағалау қызметімен айналысу құқығына лицензияларды «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры арқылы тек электронды форматта беруге кірісті,
деп хабарлады ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл бастаманың артықшылығы - электронды лицензияны жоғалту немесе бүлдіру мүмкін емес, осыған байланысты азаматтарға лицензия телнұсқасын алу үшін өз уақытын және қаржысын жұмсаудың қажеті жоқ.
Бұған қоса, енді лицензия иеленушілеріне өзінің мәртебесін растау үшін мемлекеттік лицензияның көшірмесін түсіру керек емес, тіпті нотариалдық куәландырудың қажеті жоқ.
Лицензиаттарға тек жеке басын куәландыратын құжатты көрсету жеткілікті, ал мемлекеттік органдарға, адвокаттар алқасына, нотариалдық палаталарға және бағалаушылар палатасына лицензияның бар-жоғы туралы мәліметті «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры арқылы тексеру жеткілікті.
Сонымен қатар, «қағаз» лицензиясынан бас тарту лицензиялардың бланкілеріне және оларды өтініш иесіне жеткізуге жұмсалатын бюджеттік қаржыны айтарлықтай қысқартады.
http://www.elicense.kz интернет-ресурсында ақпараттық жүйені пайдаланушыға жан-жақты ақпарат орналастырылған. Туындаған сұрақтар бойынша азаматтарға 1414 CALL-орталығына хабарласуға болады.