Әділет министрлігі қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі декриминализациялауға бағытталған жобаны таныстырды

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат -  Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес,  Әділет министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі декриминализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Әділет министрлігі қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі декриминализациялауға бағытталған жобаны таныстырды

Бүгін Әділет министрлігінде аталған мәселе жөнінде дөңгелек үстел өтіп, онда жаңа заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

«2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдірудің негізгі бағыты ретінде қылмыстық заңнаманы гуманизациялау мәселесі қарастырылған болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі декриминализациялау мәселелерін қамтитын жоба дайындалып отыр. Бұл жоба негізінен жапа шеккен тараптың мүддесі үшін келтірілген шығындарға қатысты қалпына келтіру әділсотын, сондай-ақ бас бостандығынан айыруға балама жаза түрлерін енгізуді кеңейту мәселелерін қарастырады», - дейді жиынға жетекшілік еткен Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов.

Ал мәжіліс депутаты Светлана Бычкованың айтуынша, Қазақстанның экономика ауқымы, сондай-ақ бастан өткеріп отырған интеграциялық үдерістер экономикалық қылмыстар заңнамасын либералдандыруды аса қажет етеді.  Осы бағытта бұған дейін былтырғы жылы арнайы заң жобасы қабылданған болатын.

«Заңнаманы гуманизациялауға бағытталған бұл құжат қазірдің өзінде бизнесті дамытуға қатысты мемлекеттік құрылымдар тарапынан орын алып жататын қысымды біршама сейілтті.  Ал бүгінгі заң жобасы бұған дейінгі қадамдардың қисынды жалғасы болып табылады деп сенеміз», - дейді С. Бычкова.

Ал құжатты әзірлеушілердің айтуынша, жаңа заң жобасының нормалары еліміздің инвестициялық климатын одан сайын жақсартуға, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін беріп, ұлттық заңнамамызды еуропалық стандарттарға сәйкестендіреді.