Әділет министрлігі келесі жылдан бастап тағы бірнеше электронды қызмет түрлерін қолданысқа енгізбекші
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әділет министрлігі келесі жылдан бастап, «Бала туу шарасын тіркеуге өтініш беру», «Неке бұзу шарасын тіркеуге өтініш беру», сондай-ақ құжаттарды реттеуге өтініш беру сияқты электронды қызмет түрлерін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада Әділет министрлігі тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметке байланысты өткен семинар барысында Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың қызметтері мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруды көздейді. «Сонымен қатар бюрократия мен сыбайлас жемқорлық, қағазбастылық, сияқты өзге де әкімшілік кедергілерді жою Әділет министрлігі алдына қойылып отырған басты міндеттердің бір. Осы ретте Әділет министрлігінің бүгінгі таңда электронды үлгіде 22 қызмет түрін көрсететіндігін атап өту керек. Ал биылғы «Электронды үкімет» порталында жаңа «Некені тіркеуге өтініш беру» электронды қызметі іске қосылды»,-деді министрдің орынбасары.
Семинар барысында вице-министр электронды жолмен алғаш тіркелген жас жұбайларды құттықтап, министрлік атынан арнайы сыйлық табыс етті.