Әділет министрлігі КТК, Рахат телеарналарында зияткерлік меншік құқығының сақталуына тексеру жүргізбек

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Әділет министрлігі КТК, Рахат телеарналарында зияткерлік меншік құқығының сақталуына тексеру жүргізбек.

Әділет министрлігі КТК, Рахат телеарналарында зияткерлік меншік құқығының сақталуына тексеру жүргізбек

Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету әділет органдары міндеттерінің бірі екендігін атап өткен ол: «2011 жылдың 2 айында зияткерлік меншік нысандарын пайдаланатын 295 субъектіге тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 79 құқық бұзушылық анықталып, 74 әкімшілік іс қозғалды», - деді.

Оның атап өтуінше, осы аралықта заңсыз айналымнан жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асатын 16625 дана контрафактілік өнім тәркіленген.

Сонымен қатар ресми өкіл ағымдағы жылы Әділет министрінің бұйрығына сәйкес наурыз айында 19 тексеріс жүргізілетіндігін атап өтті. «Оның ішінде «Mega Line» ЖШС, «Коммерциялық телевизиялық арна» (КТК) ЖШС, «Рахат - ТВ» ЖШС қызметтеріне тексеру жасау жоспарланған», - деді Е.Ерімбет.