Әділет министрлігі отандық үздік өнертапқыштарды марапаттайды
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - 23 мамырда VІ Астана экономикалық форумы аясында «ШАПАҒАТ-2013» өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің республикалық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өткізіледі, деп хабарлады ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметінен.
Байқаудың мақсаты - Қазақстан Республикасында зияткерлік меншіктің рөлін арттыру, өнертапқыштық қызметті жандандыру, өнертапқыштық және инновацияны дамытуға көмек беру әрі ынталандыру, өнертапқыштық пен инновациялық салаға инвестиция тарту және өндірістік секторға перспективалы даярланымдарды енгізу.
Бұдан басқа, өнертапқыштарды көтермелеу және Қазақстан Республикасында өнертапқыштық қызметті белсендіру мақсатында «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнертапқышы» конкурсы өткізілді. Осыған орай құрметті атақты иемдену туралы дипломдар мен ескерткіш таспалар берілетін болады.
Марапаттау салтанатының ауқымында өндіріске енгізілген, қызықты және перспективалы өнертабыстардың көрмесі ұйымдастырылады.