Әділет министрлігі заң жобасын әзірлеуге және ғылыми сараптама жүргізуге бөлінген қаржының тиімді пайдалануын зерделемек
АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Әділет министрлігі заң жобасын әзірлеуге және ғылыми сараптама жүргізуге бөлінген қаржының тиімді пайдалануын зерделемек.
Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.
Оның атап өтуінше, жүргізілген сараптама салалық министрліктер мен ведомстволардан түрлі сипаттағы ғылыми және қолданбалы зерттеулер жасауға жыл сайын ауқымды бюджет қаржысы бөлінетіндігін көрсеткен. Талдау жасаумен айналысатын бұндай шығармашылық ұжымдар мен салалық институттардың саны шамамен 170 ұйымды құрап отыр.
Осыған қарамастан жылдан жылға заңнамалық шешімдердің тұрақсыздығы және әзірлігінің әлсіздігі байқалатындығын атап өткен ресми өкіл: «Әділет министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, заң жобасын әзірлеуге және ғылыми сараптама жүргізуге мемлекеттік органдарға бөлінген аталған қаржының тиімді пайдалануына талдау жүргізетін болады. Талдау қорытындысы бойынша тиісінше ұсыныстар әзірленіп, енгізіледі», - деді.