Әділет министрлігі заңгерлік қызмет нарығын реттеуде ешқандай шұғыл өзгерістерді жоспарлап отырған жоқ - Жауапты хатшы

АЛМАТЫ. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Заңгерлік қызмет нарығын реттеуде қандай да бір жаңа тәртіп енгізілетін болса ол кезең-кезеңімен біртіндеп жүргізілетін болады. Бұл туралы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Марат Бекетаев бүгін Алматыда өтіп жатқан бірінші заңгерлер форумында айтты.

Әділет министрлігі заңгерлік қызмет нарығын реттеуде ешқандай шұғыл өзгерістерді жоспарлап отырған жоқ - Жауапты хатшы

«Заңгерлік қызмет нарығын реттеуде қазіргі таңда ешқандай өзгерістер жоспарланып отырған жоқ. Егер ол жасалатын болса алдымен заңгерлік қоғамдастық арасында талқыланатын болады. Жалпы заңгерлік қызмет нарығын реттеуді шартты түрде құқықтық және нарықтық деп екіге бөлуге болады», - дейді Марат Бекетаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда құқықтық реттеудің элементтері бар. Адвокатура, нотариат пен белгілі бір деңгейде мүлікті бағалаушыларда заңдық қызмет нарығы заңмен реттеледі. Ал өзге салалар сұр аймақта қалып отыр. Олардың кейбірі салалық заңдармен реттелгенімен жоғары деңгейде емес. Енді біреулері өзін-өзі реттеуде.