Әділет министрлігі жартыжылдық жұмысын қорытындылады

АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Әділет министрлігінің алқа отырысында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы шығарылды.
None
None

Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.

Әділет органдарының негізгі бағыттар бойынша бірқатар жұмыстың сапасын жақсартқаны сөз болды. Атап айтқанда, Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспары толық көлемде орындалды. Парламентке 12 заң жобасы енгізілді. Заңды тұлғалар мен жылжымайтын мүлікті тіркеу рәсімін жеңілдету жұмысы жүргізілді, халықты электрондық құжаттандыру жүйесі енгізілді.

Министр Рашид Түсіпбеков өз сөзінде электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсету үлесін арттыру жұмысын жандандыру қажеттігін атап көрсетті. Атап айтқанда, заңды тұлғаларға, некені тіркеуге электронды түрде өтініш қабылдауға қатысты электрондық нысанда ақпараттық қызмет көрсетуді енгізу тапсырылды.

«Мүлік қатынастары саласында жылжымайтын мүлікке құқықтарды шұғыл тіркегені үшін алым мөлшерін едәуір азайтуды көздейтін Үкімет қаулысының әзірленген жобасын қабылдау оң әсерін тигізбек (пәтерге құқықты шұғыл тіркегені үшін алым 40 мыңнан 7 мың теңгеге дейін төмендетіледі)», деп атап өткен баспасөз қызметі.

Әділет органдары орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға 305 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 390 заңсыз қолданылатын нормативтік-құқықтық актілер айқындалған.

Заңнамадағы сілтеме нормаларды қысқарту мақсатында Әділет министрі сапалы заң жобаларын әзірлеу жөнінде құрылған топ аясында болашақта тікелей қолданылатын заңдарды қабылдауды қамтамасыз ете отырып, халықаралық тәжірибені зерделеуге кірісу қажеттігін атап көрсетті.

Азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру үшін Министр мемлекеттік органдар арасында құқықтық насихатты ведомствоаралық үйлестіру бойынша жүргізілген жұмыстың тиімділігін арттыруды тапсырды.

Әділет органдары қабылдайтын шаралар мемлекеттік органдардың заңнаманы сапалы, жүйелі түсіндіру және халықты заңды сақтай білуге тәрбиелеу жұмысына бағытталуы тиіс.

Р.Түсіпбеков заңгерлік сауаттылыққа оқытуды мектеп қабырғасынан бастап енгізу, сондай-ақ республиканың әрбір азаматы білуі тиіс құқықтық білімнің ең төменгі көлемін анықтау қажеттігін атап айтты. Бұл білім адамның, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың әрбір азаматтың күнделікті тіршілігінде қажет болатын құқықтары мен міндеттері туралы ақпаратты қамтуы тиіс.

Сондай-ақ, азаматтардан, оның ішінде интернет ресурстарына келіп түскен өтініштерді сапалы қарау қажеттігін әділет органдарының барлық басшыларының назарына салды.

Әділет органдарының қызметін шынайы бағалау үшін жүргізілген жұмысты кеңінен жариялау керектігі айтылды. Сонымен қатар, барлық басшыларға БАҚ пен халық үшін барынша айқын жұмыс жүргізуге тапсырма берілді.

Соңғы жаңалықтар