Әділет министрлігі ЖСН енгізуге қатысты түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбей, елді әбігерге салып отыр - З. Бәлиева

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әділет министрлігі азаматтардың құжаттарына Жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуге байланысты түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізген жоқ. Соның салдарынан жұртшылық үлкен әбігерге түсіп отыр.
None
None

Бүгін Мәжіліс депутаттары бастама жасаған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне идентификациялық нөмірлер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Зағипа Бәлиева осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Идентификациялық нөмірлерді енгізудің аса қажет екені даусыз. Дегенмен, бұл шараны сатылап, халықты соншалықты қобалжытпайтындай жүзеге асырған жөн болатын еді. Жалпы, елімізде идентификациялық нөмірлер беру 1995 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Бұндай нөмірлер ел азаматтарының басым бөлігінде бар. Сондықтан да, Әділет министрлігі жеке куәліктерінде сондай нөмірлері жоқ азаматтарға ғана ЖСН енгізу туралы ақпараттық хабарлама жасаулары керек болатын. Ал министрлік заңда белгіленген мерзім өткен соң «куәліктер жарамсыз боп қалады» - деп елді үлкен әбігерге салды. Соның салдарынан жұртшылық Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарай ағылып, онда әлі күнге ұзын-сонар кезектен арыла алмай отыр. Яғни, ЖСН-ді енгізуге қатысты мемлекеттік орган тарапынан түсіндіру жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған», деді З. Бәлиева.

Сонымен бірге, депутат жауапты мемлекеттік органдардан ұлттық тіркелім туралы заңның не себепті орындалмай отырғанын қатаң талап ету қажеттігін де еске салды. «Бұндай шаралар жүзеге аспаса, бізде ешқандай да «Электрондық Үкімет» те болмайды. Олай болса, электрондық мемлекеттік қызмет көрсету де жүзеге аспайды деген сөз. Яғни, бұл нормалар орындалмаса мемлекеттік органдар сапалы қызмет көрсете алмайды», деді З. Бәлиева.

Соңғы жаңалықтар