Әділет министрлігі жыл басынан бері 320 нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаларға сәйкес еместігін анықтады - Р.Түсіпбеков

АСТАНА. Маусымның 14і. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - ҚР Әділет министрлігі ағымдағы жылғы 5 айдың ішінде орталық мемлекеттік органдардың 320 нормативтік құқықтық актілерін қолданысағы заңнамаларға сәйкестендіруді талап ететінін анықтады. Бұл туралы Министрліктегі көшпелі Үкімет сағатының барысында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков мәлім етті.

Әділет министрлігі жыл басынан бері 320 нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаларға сәйкес еместігін анықтады - Р.Түсіпбеков

«Әділет министрлігі мемлекеттік органдардың нормативтік құықтық актілерді шығаруды, қолдануды, мемлекеттік тіркеуді және жариялауды реттейтін заңнамаларды сақтауы мәселелеріне баса назар аударып отырады. Бұл салада проблемалар көп. Олар мемлекеттік органдар басшыларының тарапынан шығаратын актілердің заңдылығы мәселелеріне дұрыс көңіл бөлмейтіндігінен болып отыр», - деді Р.Түсіпбеков.

Атап айтқанда, оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігін сәуір айында тексеру барысында 121 бұйрықта Денсаулық сақтау министрлігінде - 146 бұйрықта заңнамаларды бұзу жағдайлары анықталған. Білім және ғылым министрлігі төрт жылдың ішінде практикада заңсыз қолданылған 80 нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуге ұсынбаған.