Әділет министрлігінде адвокаттық қызметпен айналысу құқына үміткерлердің аттестациясы басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аттестациялық комиссия өкілдерінің айтуынша, адвокаттық қызмет құқына иелену үшін сынға түсетіндер тестілеу түрінде емтихан тапсырулары тиіс, яғни барлығы 100 сұраққа жауап қайтарулары шарт. Егер үміткер 70-тен астам дұрыс жауаптарды белгілесе, екінші кезеңге өтіп, комиссия мүшелерімен ауызша әңгімелесу тәртібінде сыналатын болады.
Атап айтқанда, үміткер 4 балдан жоғары жинаса, Әділет министрлігі лицензия беру мәселесін шешетін болады.
Тестілеуде конституциялық, қылмыстық, азаматтық құқық, сондай-ақ процессуалдық заңнама, жер және отбасылық қатынастар тұрғысындағы сұрақтар қамтылған.
Аттестация екі кезең бойынша өткізіледі. Бірінші кезеңде, яғни ақпанның 24-і мен 27-сі аралығында Астана қаласының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарының үміткерлері қатысады. Ал қалған облыстардың өкілдеріне аттестация өткізу мерзімі қосымша хабарланатын болады.