Әділет министрлігінде алқа мәжілісі өтті
АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Әділет министрлігінде алқа мәжілісі болып өтті. Жиынға бейне-конференция байланысы арқылы облыстық әділет, қылмыстық-атқару жүйесі, сот актілерін орындау департаменттерінің басшылары, жылжымайтын мүлік және сот сараптама орталықтарының директорлары қатысты.
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
«Алқа барысында әділет органдары жұмысындағы нақты оң нәтижелер туралы сөз болды. Әсіресе, мемлекеттік органдардың заң шығару қызметі сапасын одан әрі көтеру, нормашығармашылық саласындағы әділет органдарының және Заңнама институтының үйлестіру рөлін күшейту қажеттігі айтылды. Бизнес үшін тіркеу рәсімдерін оңайлату және тұрғындарға көрсетілетін электронды қызмет түрлерін кеңейту сұрақтары бөлек қаралды», - делінген баспасөз айғағында.
Тоқтала кететін жайт, министрлік ағымдағы жылы коммерциялық ұйымдарды тіркеуді хабарландыру тәртібіне ауысуды қарастыратын заң жобасын жасауға кіріседі. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында жеке нотариустарды есептік тіркеу туралы жаңа Ереже мен нотариалдық іс-жүргізу Нұсқауы бекітілген. Аталған құжаттармен нотариустар ғимараттары мен жеке нотариалдық мұрағаттарына талаптарды белгілеп, құжаттарды мұрағатқа өткізу тәртібін қарастырады.
Бұдан басқа, кеңесте сот актілерін орындау мәселелері де талқыланды. Әсіресе, сот орындаушылары өкілеттігіне қатысты заңнаманы жетілдіру мәселелері көтеріліп, борышкерлерге ықпал ететін нақты тетіктің жоқтығы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету сұрақтары сөз болды. Осыған байланысты, Сот актілерін орындау комитетіне тиісті заң жобасын дайындау міндеттелді.
«Аумақтық бөлімшелердің жекелеген басшылары жұмысындағы олқылықтар жайында да әңгіме болды. Сондай-ақ алқа барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес бойынша жұмысты қатайту тапсырылды. Халықпен кері байланысты ұйымдастыру және кез-келген елді мекеннен Құқықтық ақпарат қызметінің «119» бірыңғай нөміріне тегін қоңырау шалу жұмысын жандандыру жайы талқыға түсті», делінген баспасөз айғағында.