Әділет министрлігінде ҚР Үкіметі жанындағы заң жобалау қызметінің мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия жиыны өтті
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Әділет вице-министрі Дулат Құстаулетовтың төрағалығымен және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Әділет министрлігінде ҚР Үкіметі жанындағы заң жобалау қызметінің мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның жиыны өтті
БАҚ-тар үшін таратылған баспасөз мәлімдемесінде хабарланғандай, 215-інші жиынға қатысушылар бірқатар заң жобаларын қарастырды. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің депутаттары ұсынған «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» және «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар мен олардың заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалану туралы» ҚР Заңына қосымшалар енгізу туралы» заңдар жобалары талқыланды.
Жиында сондай-ақ «Азаптау және басқа да аяусыз, адам төзгісіз немесе намысты қорлайтын азаптардың алдын алуға бағытталған ұлттық ескертпелі тетіктер құру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңдық актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қаралды.
Комиссия заңды әзірлеуші мемлекеттік органдарға жоғарыда аталған заңдар жобаларына Үкіметтің Қорытындысын даярлауды ұсынды және Әділет министрлігіне ұлттық ескертпелі механизмдер туралы заң жобасын жасауы орынды екенін мақұлдады.
Қаржы министрлігіне, Комиссия мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, «Исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңдық актілеріне қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қайта өңдеу ұсынылды.
Заңдарды жасаушыларға еліміз үшін аса маңызды заңдар жобаларын әзірлеуді жеделдетіп және белгіленген мерзімде Үкімет пен Парламент Мәжілісіне тапсыруды еске салды. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасында бақылау және қадағалау ісі туралы», «Қазақстан Республикасының Кеден кодексі» (жаңа редакция), «Қазақстан Республикасында Кеден кодексін іске енгізу туралы», «Лотерея мен лотерея ісі туралы», «Нотариат туралы» Заңға өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы», «Гендік-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы», «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі кейбір заңдық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» және тағы басқа да құжаттар бар, деп атап көрсетілген Әділет министрлігінің баспасөз мәлімдемесінде.