Әділет министрлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет министрлігі жүйесінде сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылғандар екі есеге артты. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Ұлттық бюро деректеріне сүйенсек, 2018 жылы Әділет министрлігі жүйесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар екі есеге жуық өскені байқалды. Егер де 2017 жылы 10 адам жауапқа тартылса, 2018 жылы 19 адамға қатысты шара қолданылды. Біздіңше, бұл жағдай айтарлықтай назар аударатын мәселе болып отыр. Осы орайда алдын алу шараларына екпін қойған жөн», - деді Олжас Бектенов Әділет министрлігі қызметінде жемқорлық тәуекелдеріне жасалған талдаудың қорытындысына арналған кеңес барысында.

Аталған агенттіктің сыбайлас жемқорлық қатерлерді сыртқы талдау басқармасы басшысы Әйгерім Пәрменованың айтуынша, талдау шаралары былтыр қазан айында өткізілген. Оның барысында әділет департаменттеріне қатысты тексеру формасындағы бақылау шаралары министрлік тарапынан жүйелі негізде жүргізілмейтіні анықталды. Ал тақырыптық тексерулер бірлі-жарым сипатқа ие.

Өз кезегінде Әділет министрлігінің жауапты хатшысы Данияр Айтмұхаметов бұл талдау қорытындысы бойынша министрлік жемқорлық алғышарттарының себебі мен жағдайын жою бойынша шаралар жоспарын әзірлегенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар