Әділет министрлігінің биылғы басым міндеттері айқындалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет вице-министр Наталья Пан ведомствоның алдында норма шығару саласында тұрған басым міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділет министрлігінің биылғы басым міндеттері айқындалды

«Алдағы кезеңге норма шығару саласында мынадай басым міндеттер қойылды: Біріншіден, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарының орындалуын қадағалау; екіншіден, заң шығару жұмысының 2021-2026 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарын қабылдау; үшіншіден, құқықтық саясат тұжырымдамасын қабылдау; төртіншіден, қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті іске асыру; бесіншіден, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың құқықтық актілеріне орталықтандырылған сараптама жасауға көшу; алтыншыдан, нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын Парламентте сүйемелдеу», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Сондай-ақ, вице-министр аталған заң жобасы аясында «Е-заңнама» жүйесі арқылы норма шығару процесін автоматтандыру бойынша жұмыстар қатар жүргізілетіндігін баса айтты.

«Мұнан бөлек, тағы 2 заң жобасы әзірленеді. Олар: азаматтық заңнаманы жетілдіру және ағылшын және Еуропалық құқық қағидаттары мен ережелерін имплементациялау негізінде кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайларды жақсарту мәселелері бойынша; әділет органдары қызметінің мәселелері бойынша», - деді Наталья Пан.