Әділет министрлігінің өкілдері Елбасының Құқық қорғау саласының жұмысы мен жемқорлыққа күресті нығайтуға бағытталған Жарлығына түсініктеме жасады

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Әділет министрлігінің қызметкерлері БАҚ өкілдермен кездесіп, «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Президент Жарлығына түсініктеме берді,

Әділет министрлігінің өкілдері Елбасының Құқық қорғау саласының жұмысы мен жемқорлыққа күресті нығайтуға бағытталған Жарлығына түсініктеме жасады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әділет министрлігінің Кадрлар департаменті директорының орынбасары Марат Махамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда министрлік тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес мақсатында кешенді шаралар атқарылып келеді. «Ал Президенттің соңғы Жарлығына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар барынша күшейтіледі. Мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне өзі қызмет етіп отырған ұйымда жоспарланып отырған немесе жасалған жемқорлық әрекеттері жөнінде тиісті органдарға хабарлау жөнінде міндеттер жүктеледі. Қазір біз осы бағыттағы жұмыстарға дайындық үстіндеміз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерге қатысты арнайы электронды база жасалады. Онда мемлекеттік қызметте істейтін және бұрын істеген азаматтар жөнінде, олар тарапынан жасалған заңсыз әрекеттер туралы қажетті мәліметтер топтастырылады», - деді департамент директорының орынбасары.Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің барлығы қызметіне кірісерден бұрын осы база бойынша арнайы тексеруден өтеді. Ал Әділет министрлігінің заңнама департаменті директорының орынбасары Ботагөз Жақсылықованың сөзіне қарағанда, Жарлық бірнеше баптардан тұрады. Олардың арасында жемқорлықпен күреспен қатар, мемлекеттік қызметкердің иелігіндегі дүниелерге қатысты мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ететін талаптар бар. Сонымен қатар Жарлықта көзқарас қайшылықтарын реттеу шаралары қарастырылған. «Бұған қоса құжатта корпоративтік жемқорлыққа қарсы тұру, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру сияқты өзге де көптеген мәселелер қамтылып отыр», - деді Б.Жақсылықова.