Әділет вице-министрі Д.Құсдәулетов Ресейдің еңбегі сіңген заңгері Талия Хабриевамен кездесті
АСТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының директоры, Ресейдің еңбегі сіңген заңгері Талия Хабриевамен кездесті.
Бұл шараға сонымен қатар Қазақстан Республикасы Заңнама институтының директоры Жұмабек Бұсырманов пен осы институттың ғалымдары мен құрылымдық бөлімшелерінің жетешілері қатысты. Тараптар онда классикалық және заманауи ғылыми құқықтық теорияларға қатысты мәселелерді сөз етті. Сонымен қатар олар қазіргі заманғы құқық ғылымы мен оны әрі қарай қолдану проблемаларын ортаға салып, құқық шығармашылығы мен құқық қолдану шараларына ғылыми көзқарас қажеттігіне тоқталды. Бұған қоса кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Ресейдің құқық тәжірибесі мен заңнамаларын дамытудағы құқықтық доктриналардың рөліне баға берді.
Әділет вице-министрі Д.Құсдәулетов бұл ретте мемлекет пен құқық мәселесінің өзекті проблемаларын зерттеуде екі елдің заңгерлерінің тәжірибелерін біріктіру қажет деген ұсыныс айтты. Министрдің орынбасарының сөзінше, Қазақстанның заңнама институты мен
Ресей Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының бірлескен шаралары нормашығармашылық қызметті жетілдіруге тың серпін береді.