Әділет вице-министрі Марат Бекетаевқа қатысты тағылған айыптаулардың заңдық күші жоқ - судья Магомед Баркинхоев

АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Әділет вице-министрі Марат Бекетаевқа қатысты тағылған айыптаулар мен дәлелдемелердің заңдық негізі жоқ. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесу барысында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Магомед Баркинхоев айтты,

Әділет вице-министрі Марат Бекетаевқа қатысты тағылған айыптаулардың заңдық күші жоқ - судья Магомед Баркинхоев

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Естеріңізде болса, шілденің 23-інде Әділет вице-министрі М. Бекетаевты көлікті мас күйінде жүргізді деген күдікпен қозғалған әкімшілік өндіріс шенеуніктің пайдасына шешіліп, М. Бекетаевқа жүргізуші куәлігін қайтару туралы қаулы шығарылған болатын.

 «Жол полициясының қызметкері Әділет вице-министрі Марат Бекетаевқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы заң талаптарын өрескел бұзу арқылы жасағандықтан, құжат заңдық күшке ие емес деп табылған. Соттың бұл шешіміне осы жағдай түрткі болды», деді М. Баркинхоев.

 Оның айтуынша, Жол полициясы айыптауларын дәлелдеу үшін М.Бекетаевтың көлік жүргізгендігін анықтап, оны дәлелдермен бекітулері шарт болатын. Бірақ полицейлер олай істемеген.

 «Жол полициясының қызметкері М.Бекетаевқа алкогольдік ішімдік ішуге қатысты медициналық тексеруден өту туралы талапты орындамағаны үшін хаттама толтырған. Вице-министр көліктің рөліне өзі отырмағандықтан, көлік басқа жүргізушінің басқаруында болғандықтан, өзінің заңды құқықтарына сай медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан», дейді төраға.

 «Жол полициясы қызметкерлерінің айтуынша, вице-министр мас күйінде рөлге отырған. Бірақ ол жайында хаттамада ештеңе белгіленбеген. Хаттамада М.Бекетаевты автокөлік жүргізуден шеттету жөніндегі шешімдері де арнайы белгіленбеген. Бұл жерде де білместіктен заңсыздық туып отыр», деп атап көрсетті ол.

 «Бұл іс журналистер қауымының қырағы назарына ілінгені белгілі. Бірі оқиғаны шынайы көрсетіп жатты, екіншілері «шенеунік болған соң жауапкершіліктен сытылып кетті, оның орнында қатардағы азамат болғанда, заң алдында жауап берер еді», дегендей даурықпа әңгімелер таратты. Сондықтан да, менің айтайын дегенім, бұл іс -қатардағы іс болып табылады. Дәл осыған ұқсас оқиғада тек шенеуніктер ғана емес, басқа азаматтардың да талаптарын қанағаттандыру туралы шешім қабылданатын еді», дейді судья М. Баркинхоев.