Әділ Ғалиахметов: Қарсыластарымыздан қорықпаймыз

ХАРБИН.KAZINFORM – Шорт-тректен Қазақстан құрамасының спортшысы Әділ Ғалиахметов Kazinform тілшісіне алғашқы жарыс күнін қорытындылап, алдағы финалдық бәсекеге қатысты өз ойын бөлісті.

Әділ Ғалиахметов: Қарсыластарымыздан қорықпаймыз
Фото: Сали Сабиров/ҚР ҰОК

Спортшының сөзінше, бүгінгі жарыс күні жеңіл әрі өте жақсы нәтижеге толы болған.

– Бүгінгі жарыс сәтті болды, барлығымыз келесі кезеңге өттік. Көңіл күйім өте тамаша. Жарыстар жеңіл әрі жақсы өтті, нәтижелер көңілден шығады, - деді ол.

Ғалиахметов құраманың 2000 метрге аралас командалық эстафета кезінде тап болған қиындық туралы айтты.

– Алина жарыс кезінде құлап қалды. Ондай жағдай мұзға немесе конькиге байланысты болып тұрады. Жарыс шартына байланысты эстафетаны келесі әйел спортшы ғана қабылдай алады. Яна төрт айналым жүгіріп, Қазақстан командасы финалға жолдама алды, - деді спортшы.

Сондай-ақ, шорт-трекші финалдағы қарсыластарынан қорықпайтынын, алтын медал үшін күресетінін баса айтты.

– Финалға ең мықты командалар жиналды. Корея және Қытай құрамасының сапында Олимпиада чемпиондары және әлемдік рейтингіде алдыңғы орында түрған спортшылар бар. Алайда біз қорықпаймыз, алтын медаль үшін бар күшімізді саламыз, - дейді Ғалиахметов.

Айта кетейік, Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының шорт-тректен алғашқы жарыс күні өз мәресіне жетті.

Қорытындысында, 1500 метрге сырғанау бойынша 6 спортшы (3 әйел және 3 ер) жартылай финалға, 500 метр және 1000 метрге сырғанаудан 6 спортшыдан (3 әйел және 3 ер) келесі кезеңге өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы 2000 метрден аралас командалық эстафета бойынша финалға жолдама алды.