«Әділдік жолы» азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын бастады

«Әділдік жолы» РҚБ бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде заң бұзушылықтарды алдын алып, қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын іске қосты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Әділдік жолы» бірлестігі
Фото: otyrar.kz

Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне төзбеушілік ортасын қалыптастыру және де осы процеске ел азаматтарын жаппай тарту. Бұл жоба Мемлекет басшысы атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру мен қоғамдағы заң және құқықтық тәртіп үстемдігін қалыптастырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ.

«Біз құқық бұзушылық жасау, пара беру немесе әлсізге қолын көтеру туралы ойдың өзін айыптайтын қоғамға айналуымыз керек. Бұл қиын жұмыс, бірақ бұл жолды еңсеруіміз қажет. «Әділдік жолы» командасы 2 жыл бойы белсенді жұмыс істеп, қоғамда құқықтық сауаттылық бойынша олқылықтар бар екеніне көз жеткізді. Осы уақыт аралығында adildik.kz сайты мен 1463 байланыс орталығына түскен 8 мыңға жуық азаматтың өтінішін қарастыра келе, халықтың заң мен ереже туралы білімдерін арттыру арқылы көп мәселені қылмысқа апармай шешуге болатынына сенімдіміз», - деп атап өтті «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

«Әділдік жолы» бірлестігінің жұмысының арқасында 1 206 тұлға түрлі заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. 800 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды. 76 қылмыстық іс қозғалды.

Ал «Заң үстемдігі» жобасына еліміздің кез келген азаматының қатысу мүмкіндігі бар. Әрбір тұрғын сыбайлас жемқорлық фактілері (кез келген саладағы) мен басқа да мәселелерін 1463 Call-орталығы немесе Adildik.kz сайты арқылы хабарлап, өз сауалдары бойынша құқықтық кеңестер мен көмек ала алады.

«Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын барлық азаматты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді атсалысуға шақырамыз. Әділетті Қазақстанды бізге ешкім дайын күйде алақанымызға салып бермейді, оны өзіміз құрамыз» – деді Дидар Смағұлов.

Соңғы жаңалықтар