Әділет министрі діни неке қию рәсіміне қатысты пікір айтты
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев заң талаптары бойынша неке қиюға екпін қойылғанын айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер діни жолмен қиылған некелерді заңсыз етуге қатысты шешім қабылдау мүмкіндігі жөнінде сұрады.
- Біз Конституцияға сәйкес зайырлы мемлекетпіз. Мемлекет дін мәселесінен бөлінген, сондай-ақ дін де мемлекет мәселесінен бөлек. Сондықтан «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Кодексінде біз неке туралы дәстүрлі көзқарастарды ұстанамыз. Бұл тұрғыда оны қайта қарау немесе діни көзқарастармен араластыру қарастырылмаған, - деді Е. Сәрсембаев.
Ведомство басшысының айтуынша, егер ресми некеге тұрмағандар кейін ажырасса да, ортақ балаларының алимент мәселесін заңмен шешуге болады.
Айта кетейік, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Кодексінің 2-бабына сәйкес, тек мемлекеттік органдар қиған неке ғана танылады. Діни жоралғылар мен рәсімдер бойынша қиылған неке (ерлі-зайыптылық) тіркеуші органдарда тіркелген некеге (ерлі-зайыптылыққа) теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдарлар тудырмайды.
Еске салсақ, Астана қаласындағы Ырыскелді мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы некені мешіт пен АХАТ-та қиғызудың айырмашылықтары туралы пікір білдірді.