Әділет министрі: Некесін тек мешітте қиғысы келетін ерлер неден қорқады

неке қию
Фото: pixabay.com

Әділет министрі Азамат Есқараев некені мешітте ғана қиюдың салдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Мешіттерді АХАЖ (Азаматтық хал актілерінің жазбасы) органдарының тіркеуінсіз неке қимауға заң жүзінде міндеттемейсіздер ме?», – деп сұрады БАҚ өкілі.

Министрдің айтуынша, ондай талап қазірдің өзінде бар.

«Менің білуімше, негізінен ондай талап бар. Яғни, мешітте неке қию үшін барған жұптардан алдын ала АХАЖ куәлігін сұрайды. Сондықтан, мешіттер осы құжатты талап ету керек және заңды түрде неке қиылғаннан кейін ғана мешітте неке қиюға болады», – деді ведомство басшысы.

Азамат Есқараев кезінде өзі үйленген кезде де осылай әрекет еткенін айтты.

«Мысалы, өзіміз де кезінде үйленген кезде солай істейтін едік. Алдымен, АХАЖ орындарында неке қиып, сосын мешітке кіретінбіз», – деді министр.

Сондай-ақ ол келешек қалыңдықтарға некені АХАЖ-ға бармай-ақ, мешітте ғана қиюды талап ететін ер-азаматы туралы көбірек ойлануға кеңес берді.

«Некеге тұрған қыздардың құқығы мемлекет бекіткен тәртіппен қорғалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, егер адам заңда бекітілген тәртіппен неке қимаса, белгілі бірақ сұрақ туындайды, сіз айтып отырған тәуекелдер де болуы мүмкін. Қыздар өзін қорғалғанбыз деп сезінгісі келсе, қарым-қатынасын бекітілген тәртіппен тіркегені дұрыс. Егер АХАЖ-ға барудан бас тартса, қыздар бұл мәселені бірден түсіну керек. «Адам неге сізбен тіркелгісі келмейді?» деген сұрақ туындайды. Кімнен, неден қорқады?», - деді Әділет министрі.

Соңғы жаңалықтар