Әділет министрлігі алаяқтықтың жолын қалай кесуге болатындығын түсіндірді

Талғат Уәли
Фото: ҚР Әділет министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде алаяқтық жағдайлары жиілеп барады. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

«Аалаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлағым келеді. Жалған қызметкерлер сот орындаушысы болып азаматтардан қарызды өтеуді талап етіп, шоттарды және мүлікті бұғаттау туралы хабарлауда. Егер сізге осындай қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарында өз бетіңізше тексеріп, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуды ұсынамыз», - деді Талғат Уәли.

Оның айтуынша, атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін интернет желісіне Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі деп жазып, «Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі» батырмасын таңдап, өз ЖСН-іңізді енгізуіңіз. Осыған ұқсас іздеуді «АИС ОИП» қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болады.

«Егер борышкер болсаңыз, онда қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны көрсетіледі. Ал борышкер болмасаңыз, онда қызғылт сары түспен «Сұраныс бойынша ештеңе табылмады» деген жазу шығады. Бұл шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым салмағанын және сала алмайтынын білдіреді. Тек ресми дереккөздерге сеніңіз, белгісіз адамдарға деректерді бермеңіз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар